Сала жаңалықтары01.09.2024
Хартия – энергетика саласының іскерлік қоғамдастығынан және жаңартылатын энергия көздерінен Қазақстан Республикасының Үкіметіне үндеу

(Ақмола облысы Бурабай ауданында 2023 жылғы 30-31 мамырда өткен Qazaq Green Fest ЖЭК бойынша IIІ Халықаралық іскерлік фестивалінің нәтижелері бойынша)
Энергетика және жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі – ЖЭК) саласының іскерлік қоғамдастығы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшуі және тұрақты даму жөніндегі бастамаларын қолдайды.
Қазақстан Республикасы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына бейілділігін мәлімдегені белгілі. 2023 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясына қол қойды. Париж келісімі аясында ел парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға сөзсіз азайту, сондай-ақ 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден 25%-ға шартты қысқарту (халықаралық қолдау жағдайында) түрінде өз үлесін мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан қоғамы еліміздің экологиялық болашағы мен ұлт саулығы үшін үлкен жауапкершілікті мойындайды. Барлық қойылған мақсаттарға қол жеткізу құралдарының бірі ЖЭК технологияларын енгізу болып табылады.
Бұл ретте, қазіргі уақытта дәстүрлі және «жасыл» энергетика саласында 400-ден астам бизнес өкілдерін жинаған Qazaq Green Fest III Халықаралық іскерлік фестивалінде егжей-тегжейлі талқыланған Қазақстан нарығында ЖЭК-ті дамытудың тежеуші факторлары бар, фестиваль нәтижелері бойынша іскерлік қоғамдастық уәкілетті мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін келесі ұсыныстарды жібереді.
1. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі стратегиясын қарау және қабылдау.
Жаңартылатын энергетиканың одан әрі дамуы бүгінгі күні көптеген проблемалар жинақталған энергетика саласының жай-күйіне тікелей байланысты: маневрлік қуаттардың тапшылығы, генерациялайтын жабдықтардың ескіруі және станциялардағы авариялықтың өсуі, жүйеде қуат резервтерінің тапшылығы, батыс энергия аймағының оқшаулануы, іргелес мемлекеттерден келетін ағындарға тәуелділік, атаулы көмек тетіктері болмаған кезде тарифтік саясаттың әлеуметтік бағдарлануы, кадр тапшылығы.
Жалпы, бұл проблемалардың барлығы елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді. Экономиканың барлық салаларының одан әрі дамуы тұтыну серпінінің өсуіне және энергия тапшылығының артуына байланысты энергетиканың дамуына тәуелді болатыны түсінікті.
Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын енгізу (2027ж.), Еуропалық одақта көміртегі ізіне салық енгізу (2026ж.), Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелері (2030ж.) сияқты сыртқы факторларды да ескеру қажет.
Барлық проблемалар мен сын-тегеуріндерді ескере отырып, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы мен «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы Электр энергетикасы саласын дамытудың орта мерзімді перспективаға арналған стратегиясын (бұдан әрі – Стратегия) әзірлеу бастамасын көтерді. Бұл құжаттың негізгі міндеті – барлық стейкхолдерлерге: мемлекетке, бизнеске және халыққа экономикалық және қаржылық көрсеткіштерді ескере отырып, электр энергетикасын одан әрі дамыту жолдары туралы нақты сигналдар беру, түсіну және пайымдау.
Стратегияны әзірлеу шеңберінде саланың өзекті мәселелері қаралды: қазақстандық шындық және экологиялық сын-тегеуріндерді ескере отырып, көмір генерациясын дамыту, ішкі нарықта газ тұтыну қажеттілігін ескере отырып, газ саласын дамыту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту (маневрлік қуаттарды салу, күн және жел станцияларын энергия жүйесіне интеграциялау, гидроэнергетиканы дамыту мәселелері), ұлттық электр желісін және трансұлттық ағындарды дамыту, жылумен жабдықтауды дамыту мәселелері, тариф саясаты. Әзірленген Стратегия, ең алдымен, елдің, халықтың және отандық бизнестің мүдделеріне жауап беретінін атап өтеміз.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен Стратегия жобасын қарауды және оның мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ресми құжат ретіндегі орнын анықтауды сұраймыз.
2. Энергетика саласындағы кадрлық сын-тегеуріндерді шешу.
2023 жылғы 23 маусымда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев назар аударуды қажет ететін мәселелерді атап өтті – бұл білікті кадрлармен қамтамасыз етілмеуі жылу энергетикасы объектілері мен энергия жүйесі кадрларының тұрақтамауы.
Бұл жағдайдың негізгі себептері – ауыр жұмыс жадайларымен қоса, тариф сметаларында бекітілген энергетиктер жалақысының төмен деңгейі, әлеуметтік пакеттің болмауы, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға қаражаттың жеткіліксіздігі.
Компанияларда білікті персоналды ұстап қалу және жас мамандарды тарту энергокомпаниялардың персоналды басқару жөніндегі қызметтерінің жұмысындағы өзекті және басым бағыт болып табылады. Жинақталған проблемалардың көлемі оларды шешу мемлекет тарапынан жедел іс-қимылды талап ететін деңгейге жетті.
Осыған байланысты, ҚР Ұлттық экономика министрлігінен нормативтерге сүйене отырып, қызметкерлердің объективті әділ қажетті санын айқындау бөлігінде, сондай-ақ республикалық мәннен төмен емес жалақы беру бөлігінде персоналға шығын бөлігін ұлғайту пайдасына тариф белгілеу қағидаларын қайта қарауды сұраймыз. Жалақыны республикалық деңгейден төмен емес деп санаған жөн. Орташа өңірлік жалақы республикалық мәннен асатын өңірлерде орташа өңірлік мәнді пайдалану қажет.
Орташа өңірлік көрсеткіштерге қолданыстағы байланыстыру көптеген өңірлерге әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткішінен жоғары жалақы деңгейін көтеруге мүмкіндік бермейтінін атап өтеміз. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен электр энергетикасы саласының қызметкерлері үшін мемлекеттік әлеуметтік қолдау бағдарламасын әзірлеуді сұраймыз: еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшіру үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға, зиянды және қауіпті жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге медициналық, санаторийлік қызмет көрсетуге. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен «Электротехника және энергетика», «Жылу энергетикасы», «Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды ұлғайтуды сұраймыз.
Жоғарыда аталған іс-шаралар саланың жұмыс істеуі мен дамуының қалыпты жағдайларын қолдау үшін негіз болады, бұл оның тартымдылығын қамтамасыз етеді, білікті кадрлардың кетуін азайтады, нәтижесінде тұтынушыларды және еліміздің экономикасын электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттырады.
3. ЖЭК объектілерінің бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы шеңберінде нақты уақыт режимінде жұмысы.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа нарықтық тетік – Бірыңғай сатып алушы және нақты уақыт режимінде электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы күшіне енді. Жаңартылатын энергия көздері объектілері үшін ойынның жаңа қағидаларын тұжырымдамалық түрде енгізу: өндірілген электр энергиясын «Бірыңғай сатып алушыға» сатуды және энергия жүйесіндегі жіберілген теңгерімсіздіктер үшін қаржылық жауапкершілік шараларын қолдануды көздейді.
2023 жылғы 1 шілдеге дейін электр энергиясын ұзақ мерзімді сатып алу-сату шарттарын жасасқан ЖЭК объектілері бұрынғы жұмыс режимдері мен шарттары шеңберінде қалғанын атап өту қажет. 2023 жылғы 1 шілдеден кейін «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС-мен шарттарға қол қоятын ЖЭК жобалары үшін энергия жүйесіндегі оң және теріс теңгерімсіздіктер үшін қаржылық жауапкершілік қарастырылған, олар жоғары және төмен коэффициенттерге байланысты.
Атап айтқанда, Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларына сәйкес, 2023 жылғы 1 шілдеден кейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен электр энергиясын сатып алу-сатудың ұзақ мерзімді шартын жасасқан, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар үшін жоғарылату және төмендету коэффициенттерінің мәндері, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген жол берілетін ауытқулардың мәндері «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңының 15-10-бабының 16-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған тәртіппен анықталады.
Қазіргі уақытта жоғарылату және төмендету коэффициенттерінің мәндері, сондай-ақ рұқсат етілген ауытқулар диапазоны анықталмағанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы мен Бірыңғай сатып алушы тетігінің өткне жылғы жұмысы негізінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінен талдамалық жұмыс жүргізуді және ЖЭК іскерлік қоғамдастығымен талқылауға жоғарыда аталған мәселелерді шығаруды сұраймыз.
Бұдан басқа, ЖЭК объектілерінен генерациялаудың жоспарлы көлемдерін неғұрлым дәл болжау және түзету мақсатында жоспарлы өтінімдерді түзету жөніндегі норма тиісті сағат басталғанға дейін 2 сағат бұрын кейінге қалдыру шартына ие болатынын және электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімі сақталған жағдайда ғана қолданылатынын атап өтеміз. Яғни, көрсетілген аймақта түзету жоспарланған операциялық сағат басталғанға дейін басқа субъектіден кері түзетілген өтінім пайда болуы керек. Егер бұл орын алмаса, онда ЖО ҰДО диспетчерлері мұндай түзетулерді қабылдамайды. Өз кезегінде, бұл шарт түзету нормасын іс жүзінде жұмысқа жарамсыз етеді. Түзету тетігін одан әрі жетілдіру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл осы объектілер жұмыс істейтін нақты жағдайларды (ауа райы жағдайлары, желілер жұмысының техникалық шарттары және т.б.) көрсететін ЖЭК объектілерінің генерациялау кестесін неғұрлым жедел түзетуге мүмкіндік береді деп санаймыз.
Бұл шаралар ЖЭК жобаларын табысты іске асыруға және инвесторлар үшін тәуекелдерді айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.
4. ЖЭК екіжақты келісімшарттар нарығын дамыту.
Тұтынушылар мен инвесторлардың мүдделерін ескере отырып, көміртегі бейтараптығы бойынша стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында елде ЖЭК дамытуға икемді тәсілді көздеу қажет. ЖЭК жобаларын өз қажеттіліктері үшін іске асыру және ЖЭК үшін қолданыстағы қолдау шараларының пакетін пайдалану мүмкіндігі меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындарға берілуі тиіс. Осылайша, экономиканы көміртексіздендірудің тікелей құралы ретінде ЖЭК дамыту жалпыұлттық міндетке айналуы тиіс.
ЖЭК нарығын дамыту құралдарының бірі ЖЭК бойынша РРА екіжақты келісімшарттар сегменті болып табылады, онда өнеркәсіптік кәсіпорын өзінің көміртегі ізін азайту үшін ЖЭК генераторымен «жасыл» электр энергиясын сатып алу бойынша тікелей келісімшарт жасасады. Сарапшылардың пікірінше, бұл сегменттің болашағы зор, өйткені экономиканың нақты секторындағы компаниялардың көпшілігі корпоративтік деңгейде өндірістік процестерді көміртексіздендіруге бағытталған стратегияларды қабылдады. Жалпы, екіжақты келісімшарттар нарығы ЖЭК аукциондық сауда-саттық нарығынан әлдеқайда ауқымды болуы және секторды одан әрі дамытудың драйверіне айналуы мүмкін, бұл ретте ел халқы мен бизнесі үшін тарифтердің өсуіне әсер етпейді.
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуды реттейтін заңнама екіжақты келісімшарттар нарығының дамуын жоққа шығармайтынына қарамастан, осы сегментті дамыту үшін негізгі кедергілер:
- «бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу тұрғысынан ЖЭК-тің екіжақты келісімшарттарының жұмыс қағидаларының белгісіздігі;
- жалпы нарық қатысушылары үшін «ойын ережелерінің» болмауы;
- желідегі ЖЭК объектілері тікелей қосылмағанына қарамастан, мұндай объектілерді қосу бойынша жүйелік оператордың қатаң талаптары;
- мұндай жобалар үшін теңгерімдеу, тегін тасымалдау және басым диспетчерлеу мәселелері пікірталас күйінде қалуы;
- екіжақты келісімшарттар шеңберінде артық электр энергиясын Бірыңғай сатып алушыға сату мүмкіндігі;
- өнеркәсіптік кәсіпорын ЖЭК объектісінен электр энергиясын сатып алуды тоқтатқан жағдайда тәуекелдерді төмендету жөнінде қандай да бір тетіктердің жоқтығын ескере отырып, қаржы ұйымдарының мұндай жобаларға қалай кредит беруі туралы түсініктің болмауы;
- ЖЭК жобаларын іске асырғысы келетін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін мемлекеттік қолдау шараларының пакетіне (инвестициялық, кеденк, салық артықшылықтары) қолжетімділік шектеулі. Кәсіпкерлік кодекс мұндай ұйымдардың үлестерін және инвестициялық басым жобаларға қатысу мерзімін шектейтіні және олар үшін ЖЭК жобаларын іске асыру проблемалы екендігі;
- ЖЭК екіжақты жобалары үшін жер учаскелерін бөлу болып табылады.
Осыған байланысты, ҚР Энергетика министрлігінен ЖЭК іскерлік қоғамдастығымен бірлесіп, ЖЭК-тің екіжақты жобаларын іске асыру қағидаларын әзірлеп, бекітуді және қажет болған жағдайда заңнамалық толықтыруларға бастамашылық жасауды сұраймыз.
5. Шағын көлемді ЖЭК-ті одан әрі ынталандыру.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі 2024 жылдың көктемінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасын және табиғи монополияларды пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын қабылдады. ҚР Заң жобасын (бұдан әрі – ҚР Заң жобасы) жақында ҚР Парламенті Сенаты қабылдады.
ҚР Заңының жобасына сәйкес шағын көлемді ЖЭК жобалары ұғымын енгізу, ЖЭК жобаларының қуатын 200 кВт-қа дейін ұлғайту, энергия беруші ұйымдардың желілеріне нетто-тұтынушыларды қосу және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға электр энергиясын сату үшін тартымды жағдайлар, сондай-ақ нетто-тұтынушылардан шағын көлемді ЖЭК электр энергиясын өндірудің артық мөлшерін сатып алу жөніндегі ынталандыру шаралары көзделеді.
Бұл шаралар елдің үй шаруашылықтары мен шағын және орта бизнесінің ЖЭК технологияларын қолдануын дамытуға ықпал етеді. БҰҰДБ бағалауы бойынша шағын ауқымды ЖЭК даму әлеуеті 2-3 ГВт-қа жетуі мүмкін. Осыған байланысты шағын ауқымды ЖЭК-ті дамыту мониторингі мәселесі өзекті болып отыр. Айта кету керек, үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу әдісімен ресми статистика деректері елдегі шағын ауқымды ЖЭК дамуының толық бейнесін бермейді, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы шағын ЖЭК туралы деректерді жинау да нақты жағдайды көрсетпейді. Бұдан басқа, ЖЭК жобаларын іске асыру тәжірибесі жоқ ел халқы мен бизнесі шағын ауқымды ЖЭК жобаларын дамыту мүмкіндіктері туралы білікті ақпарат алу мүмкіндігінен іс жүзінде айырылған. Осы ақпараттық олқылықты шешу үшін ҚР заңнамасына сәйкес нарық Кеңесінің жұмыс істеу қағидаты бойынша «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының базасында іске асыруға болатын шағын ауқымды ЖЭК қолдау жөніндегі ақпараттық-талдау орталығын құру қажет.
Осылайша, мұндай орталық елдегі шағын ауқымды ЖЭК дамуына мониторинг жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым мәртебесіне ие бола алады және бұл ретте мынадай функцияларды орындай алады:
‒ электр желілеріне қосылған шағын масштабты ЖЭК объектілерінің дамуы мен жұмыс істеуіне мониторингті жүзеге асыру;
‒ өңірлік электр-желілік компаниялардан берілген қосылудың техникалық шарттары, шағын масштабты ЖЭК қосылған объектілері, қосылудан бас тартылған шағын масштабты ЖЭК объектілері туралы ақпарат алу және өңдеу;
‒ энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан айлар бөлінісінде нетто-тұтынушылар өндірген артық электр энергиясын (көлемдер, тарифтер) сатып алу туралы ақпаратты алу және өңдеу;
‒ өңірлер бөлінісінде шағын ауқымды ЖЭК дамыту туралы талдамалық ақпаратты уәкілетті органға ұсыну;
‒ Қазақстан Республикасының шағын ауқымды ЖЭК дамыту жөніндегі заңнамасын жетілдіру жөніндегі уәкілетті органға ұсыныстар енгізу;
‒ шағын ауқымды ЖЭК дамыту, сондай-ақ ЖЭК қондырғыларына қызмет көрсету мәселелері бойынша халықпен және бизнеспен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
‒ уәкілетті орган айқындаған өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінен осы ұсынысты қарауды және мақұлдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізуге және шағын ауқымды ЖЭК дамыту жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуге бастамашылық жасауды сұраймыз.
6. ЖЭК жобалары үшін индекстеу тетігін жетілдіру.
ЖЭК жобаларын іске асыру кезінде валюталық тәуекелдерді төмендету үшін 2017 жылдан бастап «Тіркелген тарифтер мен аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысымен бекітілген (бұдан әрі – Қағидалар) тіркелген және аукциондық тарифтерді валюталық индекстеу тетігі қолданылады. Бұдан басқа, 2022 жылы ЖЭК объектілерін салу кезеңіне индекстеу енгізілді, ол бекітілген нормативтерге сәйкес қолданылатын технологияға байланысты 2 жылдан 5 жылға дейін жүзеге асырылуы мүмкін. Индекстеу формуласы да айтарлықтай жақсарды.
Алайда валюталық индекстеудің барлық қолданыстағы тетіктерінде қолданыстағы Қағидаларда АҚШ доллары бекітілген. Айта кету керек, бүгінде ЖЭК секторында жұмыс істейтін инвесторлардың географиясы Қытай, Германия, Франция, Ресей және т.б. сияқты елдерді қамтиды, бұл оларға басқа валюталарда, мысалы, юань, еуро, ресейлік рублде қолжетімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, қолданыстағы тетік шетелдік инвесторлардың Қазақстанның «жасыл» энергетикасын дамыту мүмкіндіктерін толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, инвесторларға индекстеу тетігін іске асыру кезінде валютаны таңдау мүмкіндігін беру қажет және тек АҚШ долларына ғана байланбау қажет.
Сонымен қатар, индекстеу тетігінің икемділігін қамтамасыз ету үшін инвесторларға құрылыс кезеңінде де, жобаның өмірлік циклі кезінде де индекстеу шеңберінде де АҚШ долларын басқа шетел валютасына 1 рет өзгерту мүмкіндігін беру маңызды.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта ережелерде индекстеу формуласын таңдау оның бүкіл қолданылу кезеңіне сатып алу шартын жасасу кезінде бір рет жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Алайда, әдетте, қаржы ұйымдарынан (оның ішінде ЕҚДБ, ЕАДБ және т.б. сияқты халықаралық ұйымдардан) инвестициялар немесе қарыз қаражаттарын тарту сатып алу шартына қол қойылғаннан кейін жүргізіледі. Демек, жобаны қаржыландырудың барлық шарттары сатып алу шартына қол қойылғаннан кейін талқыланады. Бұл ретте таңдалған индекстеу әдісі жобаның қаржылық құрылымында маңызды рөл атқарады. Инвесторларға сатып алу шартының қолданылу кезеңі ішінде құрылыс кезеңінде де, пайдалану кезеңінде де индекстеу шеңберінде индекстеу формуласын бір рет өзгерту құқығын беру қажет.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен индекстеу тетігін жақсарту жөніндегі іскер қоғамдастықтың ұсыныстарын ескеруді сұраймыз.
7. ЖЭК объектілерін террористік тұрғыдан осал топтардан шығару.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемарттарына сәйкес террористік тұрғыдан осал объектілерге: ЖЭО, ГРЭС, ГЭС, ГТЭС, ЖЭС және қазандықтар жатады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың ЖЭК бойынша энергия өндіруші ұйымдарды террористік тұрғыдан осал объектілер (күн және жел станциялары) тізбесіне (тізбесіне) қосуы орын алады.
«Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» ҚР Заңына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – таза тұтынушыларды қоспағанда, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға. Жаңартылатын энергия көздері деп мыналар түсініледі: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермалдық энергия: топырақтың, жер асты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы, яғни ҚР ҮҚ №234 санамаланған энергия өндіруші ұйымдар болып табылмайды.
ЖЭК бойынша энергия өндіруші ұйымдар террористік тұрғыдан осал объектілерге объектілерді енгізу өлшемшарттарының ешқайсысына сәйкес келмейді:
1. Аса маңызды мемлекеттік объектілер (орталық мемлекеттік органдар, сот жүйесі органдары, жергілікті атқарушы органдар және т.б.) болып табылмайды;
2. Стратегиялық объектілерге, стратегиялық маңызы бар, террористік тұрғыдан осал экономика салаларының объектілеріне (әскери бөлімдер, мемлекеттік материалдық резерв объектілері және т.б.) жатпайды;
3. Қауіпті өндірістік объектілер болып табылмайды;
4. Адамдар көп жиналатын объектілер болып табылмайды.
«Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңымен (1-баптың 75-тармағы) тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне елді мекендер мен аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының қызметі бұзылған ғимараттарды, құрылыстарды, технологиялық қондырғылар мен агрегаттарды пайдалануды тоқтату (тоқтата тұру) кезінде энергиямен жабдықтау объектісі жатады. ЖЭК объектілері энергиямен жабдықтаушы ұйымдар болып табылмайтынын, олар өндіретін электр энергиясы ҚР Бірыңғай энергетикалық жүйесіне келіп түсетінін және елді мекендер мен аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының қызметін бұза алмайтынын атап өткен жөн.
ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызған жағдайда инвесторлар көзделмеген шығындарға ұшырайды, бұл күрделі және операциялық шығындардың ұлғаюына тікелей әсер етіп, Қазақстанда ЖЭК жобаларына инвестициялау бойынша табыстылық пен экономикалық мүдделіліктің төмендеуіне және соның салдарынан сектордан тікелей шетелдік және отандық инвестициялардың кетуіне әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды террористік тұрғыдан осал ұйымдар қатарынан алып тастауды және нормативтік-құқықтық базаға тиісті түзетулер енгізуді сұраймыз.
8. ЖЭК дамуын ақпараттық қолдау.
Бүгінгі күні бірнеше салалық интернет-жаңалықтар басылымдарының бірі QazaqGreen.com ақпараттық порталы болып табылады. Жыл сайын порталда «жасыл» экономиканы дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік, орыс және ағылшын жаңалықтарында 1500-ге жуық материалдар жарияланады. Портал келушілері арасында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Жапония оқырмандары бар.
Осылайша, бүгінде Qazaq Green.com порталы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуды ақпараттық-талдамалық қолдауды жүйелі және мақсатты жүзеге асыратын тәжірибелік жалғыз алаңға айналды. Бұл жұмыс өте маңызды, себебі халықтың энергетикалық ауысу мәселелері, энергетикалық ресурстарды үнемді тұтыну, таза энергия көздерін пайдалану қағидаттары туралы хабардарлығы қазіргі уақытта өте аз. Сонымен қатар, өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде халықты және бизнесті ақпараттандыру бойынша мұндай жұмыс жүргізілмейді немесе үзінді түрде жүргізіледі.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметінен «жасыл» экономиканы дамыту, энергияның таза көздерін дамыту, көміртексіздендіру, «Qazaq Green.com» интернет-порталы үшін көміртегі бейтараптығы және экология мақсаттарына қол жеткізу мәселелері бойынша материалдарды орналастыруға республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
9. «ЖЭК қызметкерінің күні» кәсіби мерекесі
Экономикалық құралдар тұрғысынан ғана емес, бүкіл сектор қызметкерлерін көтермелеу тұрғысынан да ЖЭК дамуын ынталандыратын қосымша шара кәсіби мереке – ЖЭК қызметкерінің күнін құруды бастау болуы мүмкін.
«Кадрлар бәрін шешетіні» белгілі және ЖЭК секторы бұл қағидалардан ерекшелік емес. Бүгінгі таңда секторда мыңдаған мамандар жұмыс істейді: энергетиктер, инженерлер, құрылысшылар, экономистер, мемлекеттік қызметкерлер, инвесторлар, ғалымдар, талдаушылар. Олардың еңбегінің арқасында қысқа уақыт ішінде елде экономиканың мүлдем жаңа секторы пайда болды, ал жаңартылатын энергияны жиынтық белгіленген қуаты шамамен 2,9 ГВт болатын 148 ЖЭК нысаны өндіреді.
2018-2023 жылдар аралығында ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттыққа әлемнің 13 елінен 297-ден астам компания қатысты. Секторға инвестициялардың үлкен көлемі тартылды.
Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергетика бойынша БҰҰДБ, USAID сияқты халықаралық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары (ЕҚДБ, АДБ, ЕАДБ, Таза технологиялар қоры, Жасыл климат қоры және т.б.) жұмыс істейді, олардың барлығы өз портфельдерінде іске асырылған немесе іске асырылып жатқан жобаларға ие. «Жасыл қаржыландыру» тақырыбымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеке бөлімшесі айналысады. ENI, Shell, Total әлемдік мұнай-газ компаниялары еліміздің түкпір-түкпірінде ЖЭК жобаларын іске асырумен айналысады.
Еліміздің университеттерінде энергетик студенттерге жаңартылатын энергетика бойынша курстар оқытылады, Назарбаев Университетінде ЖЭК полигоны табысты жұмыс істейді, Қазақстан-Неміс университетінде толыққанды «Жаңартылатын энергетика мен энергия тиімділігінің стратегиялық менеджменті» магистрлік бағдарламасы іске қосылды, мамандар жаңартылатын энергетика тақырыбы бойынша докторлық диссертациялар қорғауда.
ҚР Үкіметінен салаға жас мамандардың келуін ынталандыру шарасы ретінде «ЖЭК қызметкері күні» кәсіби мерекесін құруды сұраймыз.
АДБ Қырғызстанның инвестициялық жобаларына 222 млн доллар бөледі
Еурокомиссия 2040 жылға қарай шығарындыларды 90%-ға азайтуды ұсынды
Жаңартылатын энергетика Қазақстанның энергетика секторында әлсіз тұстарды анықтап, көзқарасты өзгертуде
Әзірбайжан 2027 жылға қарай ЖЭК есебінен 2 ГВт электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр
Үндістан биоэнергетиканың дамуын жеделдетуде: 2030 жылға қарай 45% өсу болжамы
Қазақстанда 2025 жылға арналған ЖЭК бойынша аукцион кестесі бекітілді
Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары күн электр станциясын іске қосты
Дүниежүзілік энергия теңгерімі: не өзгерді және қандай дақпыртты сейілту қажет?
Ұлыбританияда оффшорлық жел парктеріне қызмет көрсету үшін толығымен электрлі кеме салынады
Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесінің жыл сайынғы отырысы өтті
2025 жылы Якутияда екі гибридті энергия кешенін енгізу жоспарлануда
ЖЭК ЕО-да қоймалар серпілісін тудырды: 2030 жылға қарай сыйымдылықтың 5 есе ұлғаюы болжануда
АДБ Әзірбайжандағы жылыту секторын декарбонизациялауға көмектеседі
Орталық Азиядағы «жасыл» энергетика: көшбасшылар мен аутсайдерлер
Австралияда жаңартылатын энергетика көмірді ығыстырып жатыр
Қырғызстан мен Қытай 600 МВт қуатындағы ЖЭК жобалары бойынша инвестициялық келісімдерге қол қойды
2024 жылы таза энергетикаға жаһандық инвестициялар алғаш рет $2 трлн-нан асты
Алматыда PowerTech 2025 – көміртексіздендіру және жаңартылатын энергетика бойынша конференция өтеді
Франция теміржолда күн панельдерін сынауда
Баку Астанамен және Ташкентпен жасыл энергия бойынша серіктестікті ратификациялады