Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары14.01.2025

Қазақстан президенті «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі

QAZAQ GREEN.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты. Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті.

Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді.

«Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бұл бастама жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік нарыққа аса маңызды шикізат түрлерін жеткізуге ұмтылып отыр. Ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жаһандық мақсатты орындау үшін бұл материалдар өте қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң Президент көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды.

«Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.

«Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сондай-ақ біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн», – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады.

«Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады.

«Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Күн энергиясы, «ақылды» ауыл шаруашылығы, көміртегі сүзгісі және жасанды интеллект негізіндегі климаттық технологиялар әртүрлі инновациялық шешімдер ұсынады. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы. 2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.

Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда Президенті Поль Кагаме, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Халықаралық табиғатты қорғау одағының президенті Разан Әл Мүбарак және басқалар сөз сөйледі.

 

03.07.2025
Астанада Electronica Expo Kazakhstan көрмесі өтеді
02.07.2025
Көксу өзенінде ГЭС құрылысы қайта жанданды: жоба туралы не белгілі
02.07.2025
Әзірбайжан мен Дүниежүзілік банк ЖЭК саласында кредиттік келісімге қол қойды
02.07.2025
АҚШ-тың күн және жел энергетикасы электр энергиясын өндіруде рекордтық үлеске жетті
02.07.2025
Жаһандық баяндама: Орталық Азия жасыл энергетиканы дамытуға рекордтық қаржы ағындарын тартты
30.06.2025
Билл Гейтс инвестициялаған революциялық жел станциясының құрылысы басталды
30.06.2025
Тандемдік перовскиттік фотоэлементтер 26,4% тиімділікке қол жеткізді
27.06.2025
Қазақстан мен Қытай стратегиялық энергетикалық әріптестікті талқылады
27.06.2025
Ғарышқа арналған органикалық күн элементтері бойынша инновациялық зерттеу
27.06.2025
Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияда «жасыл» энергетиканы белсенді дамытуда
27.06.2025
ҚазМұнайГаз Атырауда «жасыл» сутегі өндіру бойынша пилоттық жобаны іске қосты
26.06.2025
Қазақстанда жеке үй иелері күн батареяларынан қалай ақша таба алады
26.06.2025
Қазақстан аукциондық жүйе арқылы ЖЭК саласына 14 елден инвестиция тартты
25.06.2025
Жасыл сутегі Қазақстан энергетикасын қалай өзгерте алады
25.06.2025
IKEA балкондарға арналған дайын күн электр станциясын ұсынады
25.06.2025
Adani Үндістанда «жасыл» сутегі өндіретін автономды қондырғыны іске қосты
25.06.2025
Тәжікстанда «жасыл» энергетика бойынша Жол картасын ұсынды
24.06.2025
KOREM аукционының нәтижесінде үш ГЭС жобасы іріктелді
24.06.2025
Еуропалық парламент пен ЕО Кеңесі CBAM жеңілдетуді мақұлдады
24.06.2025
Глазго ғалымдары қалақсыз жел турбиналарының әлеуетін ашты