Сала жаңалықтары02.02.2025
Көмірден бас тарту: Қазақстанда әділ ауысуды қалай қамтамасыз етуге болады?

2024 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін, қаңтардан қыркүйекке дейін орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі деңгейден 1,54 °C жоғары болды. Парниктік газдардың (ПГ) нөлдік шығарындыларына қол жеткізу бұрынғыдан да маңызды міндетке айналды. Бұл ретте Қазақстандағы климаттық өзгерістер әлем бойынша орташа деңгейден жылдамырақ өтуде: 2022 жылы елдегі ауаның орташа жылдық температурасы 1961-1990 жылдардағы климаттық нормадан 1,78 °C-ге асты.
Дубайда 2023 жылы өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP28) елдер энергетикалық жүйелердегі қазба отындарын «әділ, реттелген және тең құқылы нысанда» біртіндеп алып тастауға келісті. Сондай-ақ жаңартылатын энергияның жаһандық қуатын үш есе арттыру, 2030 жылға қарай энергия тиімділігін арттырудың орташа жылдық қарқынын екі есе арттыру және шығарындыларды тұту жүйесінсіз көмірді пайдалануды қысқартуды жеделдету қажеттілігі туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Қазақстанның көмірге тәуелділігі
Қазақстан 25-33 миллиард тонна орасан зор қоры бар әлемдегі көмірге неғұрлым тәуелді елдердің қатарына кіреді, бұл оны жаһандық рейтингте оныншы орынға қояды. Бұл ресурстар көмір өндіруді тағы 300 жыл немесе одан да көп уақыт бойы қамтамасыз ете алады. 2023 жылы Қазақстан көмір өндірудің жалпы көлемі бойынша әлемде сегізінші орынға ие болды, өндіріс 116 миллион тоннаны құрады, оның 72%-ы ел ішінде тұтынылды.
Бүгінгі таңда көмір электр энергиясының 66%-ын және Қазақстандағы тұрғын үйлерді жылытудың 80%-ын қамтамасыз етеді, сонымен қатар бірқатар өнеркәсіптік процестердің негізгі құрамдас бөлігі болып қала береді. Елдегі көмір электр станцияларының орташа жасы 50 жылды құрайды. Көмірді жағу энергетика секторындағы парниктік газдар шығарындыларының шамамен 55% және жалпы шығарындылардың 40%-дан астамының көзі болып табылады. Осыған қарамастан, Қазақстан әзірге көмірден бас тартуды жоспарлап отырған жоқ және 4 гигаваттан астам жаңа көмір электр станцияларын салу бойынша жобалар әзірлеуде.
Сонымен қатар, жаңартылатын энергия Қазақстанда электр энергиясын өндіруде елеулі рөл атқара бастады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында күн және жел энергиясының үлесі жалпы өндірістің 5,5%-на жетті. Алайда, ел 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияның 15% мақсатына қарай жүріп келе жатқанда, айнымалы энергия көздерін ескірген және қатты көмір қуаты басым жүйеге біріктіру барған сайын қиындай түседі.
Көмір өндіру Қазақстанда ауаның ластануына айтарлықтай ықпал етеді, жыл сайын 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеледі. Негізгі кінәлі – ұсақ бөлшектермен ластану (PM2.5), олардың деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан едәуір асып түседі, әсіресе қыста Алматы және Астана сияқты ірі қалаларда. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстанда ауаның ластануынан болатын экономикалық залал денсаулық сақтау шығындары мен ауа сапасының нашарлауынан туындаған өнімділіктің жоғалуын қоса алғанда, жылына 10,5 миллиард АҚШ долларынан асады.
Көмір – арзан отын, бірақ орташа экономикалық мәні бар.
Көмірдің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі оның электр энергиясы мен жылу өндірісіндегі басым рөлін ескере отырып, күткендей айтарлықтай маңызды емес. Оның үлесі жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) тек 1,5% құрайды. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, 2021 жылы көмірден түскен табыс ЖІӨ-нің 0,8%-ын ғана құрады, ал мұнай үлесіне 14,8%, ал газ үлесіне 2,0% келді. Бір қызығы, 1990 жылы КСРО ыдырағанға дейін көмірден түсетін кірістер ЖІӨ-нің 2,9%-ына бағаланды, бұл Қазақстан экономикасындағы көмірдің маңыздылығының біртіндеп төмендегенін көрсетеді.
Алайда, жергілікті деңгейде көмірдің экономикалық әсері, әсіресе көмірдің 90%-ға жуығы өндірілетін Қарағанды және Павлодар облыстары сияқты көмір өндіретін және көмір тұтынатын өңірлерде анағұрлым айқын көрінеді. Көмір Екібастұз сияқты қалалар үшін де маңызды рөл атқарады.
Көмірдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі сияқты, оның ұлттық жұмыспен қамту үшін маңызы аз, бірақ жекелеген өңірлерде ол маңызды болып қала береді. Ел көлемінде көмір өндіру саласында шамамен 33 мың адам, ал көмір электр станцияларында тағы 13 мың адам жұмыс істейді. Бұл – Қазақстандағы жұмыс орындарының жалпы санының 1%-дан азы. Сонымен қатар, көмір өнеркәсібімен байланысты жанама жұмыспен қамту, сондай-ақ көмірмен тікелей байланысты емес, бірақ оны өндіруден түскен кірістер есебінен құрылған жұмыс орындары (мысалы, көмір өндіретін өңірлердегі дәмханалар мен мейрамханалар) да маңызды.
Көмір Қазақстанды арзан электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз етеді. Елдегі көмір өндірудің төмен құны бірнеше факторларға байланысты. Олардың бірі – жабдықтардың тозуы: көмір электр станцияларының 92%-ы 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді және ұзақ уақыт бойы өзін-өзі ақтады. Бұған қоса, көмір саласы айтарлықтай мемлекеттік субсидияларды пайдаланады. БҰҰ Даму бағдарламасының бағалауы бойынша, Қазақстанда көмірге субсидиялардың жойылуы жылу тарифтерінің 35%-ға, ал электр энергиясына – 11%-ға өсуіне әкелер еді. 2023 жылы Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректері бойынша Қазақстанда қазба отынына субсидиялар ЖІӨ-ден 6% құрады.
Қазақстанның энергетикалық жүйесі көмір генерациясы мен жылумен жабдықтаудың тығыз байланысымен сипатталады, өйткені көптеген көмір электр станциялары жылу мен электр энергиясын аралас өндіру қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл қондырғылар орталықтандырылған жылыту жүйелері үшін электр энергиясын өндіруден шығатын жылуды пайдаланады, бұл бөлек өндіріске қарағанда әлдеқайда тиімді. Алайда орталықтандырудың жоғары деңгейі және жылу мен электр энергиясын өндірудің өзара тәуелділігі экологиялық таза энергия көздеріне көшуді қиындатады. Көмірден бас тарту энергиямен және жылумен жабдықтау жүйелерін қоса алғанда, барлық инфрақұрылымды қымбат және кешенді жаңғыртуды талап етеді. Дегенмен, қазіргі жүйелердің тозуын ескере отырып, мұндай модернизация сөзсіз.
66% көмір өндіру көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге кедергі келтіреді
2016 жылы Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден 15%-ға төмендету міндеттемесін, сондай-ақ халықаралық инвестицияларды тарту шартымен 25%-ға қысқартудың шартты мақсатын өзіне алды. 2020 жылы ел 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. 2023 жылғы ақпанда Қазақстан бұл мақсатты нөлдік көміртегі шығарындыларына қол жеткізу үшін қажетті трансформацияларды айқындайтын стратегиялық құжатта ресімдеді.
Алайда, Қазақстанның 2023 жылы жаңартылған ұлттық айқындалған үлесі 2030 жылға арналған нысаналы көрсеткіштерді өзгерткен жоқ. 2060 жылғы көміртегі бейтараптығы стратегиясында жаңа көмір электр станцияларын салу жоспарларына қарамастан көмірді пайдалануды азайтудың нақты жоспары әлі де жоқ. Жаңартылатын энергия көздері біртіндеп дамып келеді, бірақ оларды қолданыстағы жүйеге қосу елдің климаттық мақсаттарына жету үшін жеткіліксіз.
Стратегияға сәйкес, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу 2040 жылға дейін шығарындылардың минималды төмендеуін болжайды, көміртексіздендірудің негізгі бөлігі 2040-2060 жылдар аралығында болуы керек. Бұл көмірден бас тарту 2040 жылдардан ерте басталмайтынын білдіреді. Бұл ретте көмір энергетикасы қазірдің өзінде терең дағдарысқа ұшырап, жабдықтардың қартаюына, жиі апаттарға, кадрлардың жетіспеушілігіне және жастардың осы салада жұмыс істегісі келмеуіне тап болды. Егер Қазақстан көмірден әділ бас тартуды уақтылы жоспарлай алмаса, экономикалық факторлардың әсерінен саланың табиғи құлдырауы, әсіресе көмірге тәуелді өңірлерде елеулі әлеуметтік, экономикалық және экологиялық зардаптарға әкеп соғуы мүмкін.
Көмірді пайдалануды әділ қысқарту саясаты
Қазақстан көмірден әділ бас тарту үшін халықаралық тәжірибені пайдалана алады. Қазақстан көмірге тәуелді жалғыз ел емес. Ол Германия, Испания, Польша және Чили сияқты көмірден бас тарту стратегияларын әзірлеп, жүзеге асыра бастаған басқа мемлекеттердің тәжірибесінен сабақ ала алады. Бұл тәжірибе жаңартылатын энергетиканы дамытуды, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерді еңсеруді қамтитын өтпелі стратегияларды қалай әзірлеу керектігі туралы құнды идеяларды ұсынады. Қазақстан бұл тәсілдерді өз қажеттіліктеріне бейімдей алады.
Германияда көмірден бас тарту туралы кең бәтуа ұсынған «көмір комиссиясын» құру шешуші рөл атқарды. Бұл инклюзивті процесс әр түрлі тараптардың пікірлерін ескере отырып, теңдестірілген ауысу жоспарын жасауға мүмкіндік берді. Испанияда Әділ ауысу институты құрылды – Экологиялық ауысу министрлігі жанындағы автономды орган, ол зардап шеккен аймақтарда әділ ауысу шараларын әзірлеумен және жүзеге асырумен айналысады, сонымен қатар барлық мемлекеттік саясатқа әділ ауысу қағидаттарын енгізуді үйлестіреді.
Басқа елдер сонымен қатар көмір электр станцияларын жабу үшін қаржылық өтемақы, кадрларды қайта даярлаудың субсидияланған бағдарламалары, жұмысқа орналасуға көмек, көмір саласының қызметкерлері үшін ерте зейнетке шығу, көмір өндіретін аймақтарды қаржылық қолдау және жергілікті экономиканы әртараптандыру шаралары сияқты тиімді шараларды қолданады. Бұл тәсілдерді қазақстандық жағдайларға бейімдеуге болады.
Әділ ауысуға арналған қаржы құралдары
Көмірден әділ бас тартуды қолдау үшін Қазақстан нысаналы қаржы және саяси құралдарды пайдалана алады. Олардың қатарында мемлекеттік құрылымдардың, даму банктерінің және компаниялардың энергетикалық ауысу жобаларын қаржыландыру, энергия көздерін әртараптандыру, жұмысшы кадрларды қайта даярлау және көмір электр станцияларын жабу үшін «жасыл облигациялар» шығаруы бар.
Шығарындыларды сату жүйесі (ШСЖ) сонымен қатар көмірді пайдалану сияқты көміртекті көп қажет ететін қызметтің құнын белгілеу және таза энергетикалық инвестицияларды ынталандыру арқылы компанияларды шығарындыларды азайтуға ынталандыруы мүмкін. 2013 жылы іске қосылған қазақстандық ШСЖ ел шығарындыларының 43%-ын қамтиды, бірақ оның әсері шығарындылардың жоғары шегі мен квоталардың төмен құнына байланысты шектелген. Қатаң шектеу және квоталарды үнемі төмендету арқылы ШСЖ күшейту оның тиімділігін арттырып, таза энергетикаға көбірек инвестиция тарта алады. ШСЖ-нен түсетін кірістер көмірге тәуелді өңірлерде адрларды қайта даярлауға және әлеуметтік бағдарламаларға бағытталуы мүмкін, бірақ бұл әлеует әлі де әлсіз пайдаланылуда.
Тағы бір құрал – көмір электр станцияларында ең озық қолжетімді технологияларды (ЕОҚТ) қолдану талаптары. Қазақстанның 2021 жылғы Экологиялық кодексі экологиялық әсері жоғары электр станцияларын кешенді рұқсаттар алуға және стандарттарға сәйкес келу үшін ЕОҚТ пайдалануға міндеттейді. ЕОҚТ енгізетін компаниялар шығарындылар үшін төлемдерден босатылады, ал қалғандары үшін ол үш жылда бірте-бірте өседі. Алайда, шығарындылар мен іске асырудың кешігуі үшін төлемнің төмен құны кедергі болып қала береді.
Халықаралық қолдау және жергілікті шаралар
Climate Investment Funds және Азия даму банкі (АДБ) сияқты халықаралық климаттық қорлар да көмірден бас тартуға көмек көрсетеді. АДБ-ның энергетикалық ауысу тетігі, мысалы, көмір электр станцияларын мерзімінен бұрын жабуға және оларды жаңартылатын энергия көздерімен ауыстыруға бағытталған. Қазақстан өзінің ауысуын жеделдету үшін осы жаһандық бастамаларға қосыла алады.
Табысты ауысу үшін Қазақстанға барлық мүдделі тараптардың – Үкіметтің, өнеркәсіптің, кәсіподақтардың, жергілікті қоғамдастықтардың және азаматтық қоғамның – біркелкі және әділ өтуді қамтамасыз ететін диалог үшін күш-жігерін біріктіру маңызды. Көмірден бас тарту процесін үйлестіру және әділ ауысуды жүзеге асыру үшін ауысу жоспарларын басқаратын және барлық тараптардың мүдделерін ескеретін тәуелсіз ұйым немесе жауапты министрлік тағайындалуы керек.
Жаңа көмір электр станцияларын салуға тыйым салу стратегияға енгізілуі керек және белгілі бір мерзімге жұмыс істейтін қолданыстағы қуаттар жаңартылатын энергия көздерінің интеграциясын қолдауы үшін олардың икемділігін арттыру үшін жаңартылуы қажет.
Көмірге тәуелді өңірлер балама табыс көздерін құруды талап етеді. Бұл міндет жаңартылатын энергетикаға, жасыл технологияларға, кәсіпкерлікті дамытуға және көмір саласының қызметкерлерін қайта даярлауға инвестицияларды қоса алғанда, елеулі экономикалық өзгерістерсіз мүмкін емес. Екібастұз және Қарағанды сияқты қалалар үшін қайта даярлауды, жұмысқа орналасуға көмек көрсетуді және ерте зейнетке шығуды ерте жоспарлау көмір дағдарысының әлеуметтік салдарын жеңілдетуге көмектеседі.
Ақырында, Қазақстанның ескірген энергия жүйесін жаңарту сөзсіз, бірақ ол көмір инфрақұрылымын қалпына келтіруге ғана емес, жаңартылатын энергия көздерінің интеграциясын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Бұл мақала Agora Energiewende және Qazaq Green қауымдастығының «Қазақстандағы көмірден әділ ауысу. Мүмкіндіктер, сын-тегеуріндер және стратегиялық жолдар» зерттеуіне негізделген. Толық зерттеу мына сілтеме бойынша қолжетімді: Agora Energiewende
https://www.agora-energiewende.org/publications/enabling-a-just-coal-transition-in-kazakhstan.
Қазақстандық ауадан су өндіру стартапы Венада өткен GCIP байқауында үздік үштікке енді
Қазақстанда құс фабрикасы қалдықтан 15 млн кВт·сағ энергия өндірді
Қытай мен Испания күн және жел энергиясы саласындағы серіктестігін нығайтуда
Моңғолия Hanwha Group компаниясына ЖЭК дамыту мен шикізатты өңдеуге қатысуды ұсынды
Ресей Адыгейдегі жаңа полигонда көлденең және тік ЖЭС сынақтан өткізеді
Брюссель электрлендіруді күшейтеді: желілік пакет — жазда, стратегия — күзде
ӨЭС 2026 аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін мамандар даярлау мәселелері талқыланады
Алжир 400 МВт болатын екі күн электр станциясын іске қосты
KOREM жел және күн станциялары бойынша сәуірде төрт аукцион өткізеді
ЖЭК энергетикалық дағдарысқа жауап: IRENA елдерге іс-әрекеттер жоспарын ұсынады
Қазақстанда ЖЭК өндірісі 2026 жылдың бірінші тоқсанында 15%-ға өсті
Қазақстан Climatescope таза энергетикаға инвестиция әлемдік рейтингіндегі позициясын жақсартты
Қазақстан мен Қытай бірлескен Сутегі технологиялары орталығын іске қосты
Швейцария әлемдегі ең қуатты редокс-ағынды батареясын құрап жатыр
Ұлыбритания елдегі ең ірі КЭС құрылысын мақұлдады
Sonnedix Италияда ірі күн энергиясы келісімшарттарын жеңіп алды
Қытайлық компания Лаостың таулы аймағында 1000 МВт-ға КЭС-ті іске қосты
Қазақстан Сенаты энергияны Еуропаға экспорттауға арналған құжатты мақұлдады
Zayed Sustainability Prize өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды
Әзірбайжандағы «жасыл энергияның» күнделікті үлесі 29%-дан асты